БілімЖаңалықтар

Білім саласын қаржыландыру үшін биыл 17,6 миллиард теңге бөлінді

Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 36,4 пайызға көп

 Ақтөбе қаласында үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында қарқынды жұмыстар қолға алынып жатыр. Өткен оқу жылында үш ауысымда білім беретін 12 білім шаңырағы болса, биылғы оқу жылында жаңа мектептердің ашылуының арқасында олардың екеуі қысқарды.

Қазір қалада төрт бірдей мектептің: Сазды ауылы Бауырластар-2 ауданында 600 орындық, Болашақ шағын ауданында 300 орындық, Батыс-2 ауылында 600 және 320 орындық мектептердің құрылысы басталды. Келесі жылы 6 мектеп салу жоспарланып отыр. Олардың ең көбі 900, ең азы 300 орындық мектептер.  

Бұл туралы кеше «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен брифингте Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева айтты.

Жиында Л.Оразбаева білім беру саласындағы жыл бойы жасалған жұмыстарды қорытындылап, келесі жылғы жоспар туралы жан-жақты баяндап берді.

— Биыл Ақтөбе қаласының білім саласын қаржыландыру үшін республикалық, облыстық, қалалық бюджеттерден 17,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 36,4 пайызға көп. Бөлінген қаржының 12,9 пайызы күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін жұмсалды. Биыл 39 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілді.

Ағымдағы жөндеу жұмыстарына «Туған жерге тағзым» акциясы аясында демеушілер де көмек көрсетті. Нақтырақ айтқанда, 250 миллион теңгеге жуық қаржы мектептерді жөндеуге және техникалық құралдарға жұмсалды. Айта кету керек, №3 мектептің түлегі Қайрат Майтеков өзі оқыған мектепке 150 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізіп берді, — деді Ләззат Оразбаева.

Биыл «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында Ұлттық қордың қаржысы есебінен 1200 орындық үлкен мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Заречный-3, Заречный-4 және Кірпішті ауылдарында жаңа мектеп ашылды.  Бұл мектептердің ашылуының арқасында №18, №53 және Қарғалы қазақ орта мектептеріндегі үш ауысымда оқыту мәселесі шешілді.

Білім сапасының көрсеткіші — ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы. Қаланың орташа балы — 82. Алты мектеп 90-нан жоғары балл жинады.

«Алтын белгіге» үміткер 43 түлектің 39-ы (90,7 пайыз) білімдерін дәлелдеді.

Соңғы бес жылда халықаралық, республикалық олимпиадалардың қорытындысы бойынша 90 оқушы алтын, күміс, қола медальдарды иеленді. Оқушылар ғылыми байқаулар бойынша 25 жүлделі орын алды.

Жаңа оқу жылында 1-сыныптың табалдырығын аттаған 8527 бала жаңартылған білім беру стандарты бойынша білім алып жатыр.

Келесі жылдан бастап 2,5,7-сыныптардың оқулықтары жаңа баспадан шығады. Балалар мен жасөспірімдердің функционалдық сауаттылығын жетілдіру мақсатында Ақтөбеде 15 мектептен тыс  қосымша білім беру орталығы жұмыс істейді.

Жалпы қазір облыс орталығында 73 мектеп бар. Онда 64 194 бала білім алады. Сонымен қатар қалада 52 мемлекеттік балабақша, мемлекеттік тапсырыс негізінде 56 жекеменшік балабақша жұмыс жасайды. Сондай-ақ, 21 шағын орталық бар. 3-6 жастағы балалардың  86 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып отыр.

Биылдың өзінде 2 мемлекеттік, 29 жекеменшік балабақша ашылды. Нәтижесінде, 3 мыңнан астам балапан балабақшаға барып жүр. Дегенмен, балабақша кезегін күтіп жүрген балдырғандардың саны көп: 27 мыңнан астам бала кезекте тұр.

Қаладағы білім беру мекемелерінде барлығы 7624 педагог еңбек етеді. Жоғары және бірінші санатты педагогтердің үлесі — 3046. Биылғы жылы 56 жас маман жұмыспен қамтылды.

Жиында қалалық білім бөлімінің басшысы әлеуметтік желілер арқылы таралған «Ақтөбе қаласындағы білім беру мекемелерінің педагогтері сыйақыдан қағылды. Оларға берілетін сыйақы басқа мақсатқа жұмсалған» деген мазмұндағы хабарламалардың негізсіздігін айтты.

Маған да күні кеше «Ватсап» арқылы осы мазмұндағы көптеген хабарламалар келді. Бұл — қате пікір. Сыйақы әр білім беру мекемесінің үнемделген қаржы көзінен беріледі. Негізінен, қосымша қаржыландыруда сыйақы үшін қаржы бөлінген жоқ. Дегенмен, барлық білім беру мекемесіне үнемделген қаржы көзінен сыйақы беру туралы нұсқама берілді. Бірақ қаржы тапшылығына байланысты ешбір мектеп, балабақша, қосымша білім беру ұйымында үнемделген қаржы болған жоқ. Сол себепті, хабарлама негізсіз.   

Брифинг барысында Ләззат Оразбаеваға журналистер көптеген сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button